Мәңгілік өлмес «АНА - ЖЕР АНА»

Поделиться
HTML-код
  • Опубликовано: 19 сен 2024
  • Мәңгілік өлмес «АНА - ЖЕР АНА»
    Бұл бағдарлама КСРО Халық әртісі, атты аңызға айналған ұлы актрисаның 105 жылдық мерейтойына байланысты дайындалды.
    Алматы қаласының Мемлекеттік архиві.
    «Сәбира сахнада ойнамайтын, ол сахнада өмір сүретін.
    Ол өмір мектебінен үйренген ұлылардың соңғы сарқыты болатын»
    Дулат ИСАБЕКОВ,
    «Менде балалық, жастық шақ болмай өткен жанмын. Әке-шеше тәрбиесі, еркін өмір дегеннің не екенін білмей өскен адаммын. Балалық шағымда жақсылық көрмедім десем де болады... Бұл кездер - менің жеті-сегіз жастағы панасыз, жалаң аяқ, жалаңбас, ашқұрсақ жүрген жылдарым... Қалай өлмей тірі қалғанмын?!» деп жазған ұлы актриса Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің 373 қор, 1-тізімдемесінде сақталған өз қолымен жазған күнделігінде.
    Иә, сол кезде ертеңгі күнім не болады деген өмір сүрген ашқұрсақ қызға болашақта қазақ сахнасының анасына айналып, ұлы актриса боламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болар. Алып актриса туралы қазақ сахнасының тағы да бір алып актрисасы, Қазақстаның Халық әртісі Зәмзәгүл Шәріпова өте керемет пікірлер қалдырған.
    «Алдымен, Сәбира апайды еске алғанда, менің көз алдыма Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасындағы Мөржан - Сәбира апай келеді. Мөржан болып сахнаға шыққанда, билік иесі, тәкәппар, ақылды, өте қатал мінезді, айтқанын істетін, нағыз адуынды бәйбішеге айналады. Ол сөйлемей-ақ сахнаға шыға келгенде, көрермендер ду қол соғып, оның жүріс-тұрысына, қас-қабағына қарап риза болатын. Әсіресе, Шыңғыс Айтматовтың «Ана - Жер-Анасындағы» Толғанайдың трагедиясын ешбір актриса дәл Сәбира апайдай жеткізе алған жоқ» деп кесіп айтқан бұл естелігі көлемді шығармалардан да жоғары деп ойлаймын. XX ғасырда қазақ халқының сахналық және кино өнерін биікке алып шыққан тұлғалардың бірі - Сәбира Майқанова.
    Актриса 1914 жылдың 1 қаңтарында қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген. 1932 жылы бүгінгі Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Содан бастап С.Майқанованың шығармашьшық жолы театр тарихымен, оның өсу-өркендеу дәрежесімен біте қайнасып, кеңестік қоғам кезеңдерімен бірге сатылап өсті. Сахнадағы тұңғыш рөлін Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынайды орындаудан бастаған С.Майқанова кейіннен ұлттық, бүкілхалықтық және халықаралық мән-мағынасы зор М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, Ш.Айтматовтың, А.Чеховтың, Н.Гогольдің, А.Островскийдің, О.Иоселианидің, Ж.Мольердің, т.б. драмалық шығармаларындағы ондаған әйел, ана тұлғаларын асқан шеберлікпен сомдады. Ол бүкіл одақтық көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болған бірнеше кинофильмдерде басты рольдерді орындады.
    Халыққа сіңірген еңбегі үшін Сәбира Майқановаға Қазақстанның Халық әртісі (1958 ж.) және КСРО Халық әртісі (1970 ж.) атақтары беріліп, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер ана» спектакліндегі Толғанай ролін әлемдік сахналық деңгейде орындағаны үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы тапсырылды. С.Майқанованың туылғанына 105 жыл толуына орай дайындалған театр және кино бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде Майқанова қатысты бағдарламалар және шағын мұражай ашылды. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дегендей, алып актриса Сәбира Майқанованың кино да театр сахнасындағы сомдаған жарқын бейнелері халық санасынан ешқашан өшпек емес.
    Айдар ЖОРАНОВ, журналист
    Бағдарламаға қатысушылар: ҚР Халық артисі Сәбит Оразбаев, Театртанушы, профессор Бақыт Нұрпейіс, Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің жеке қорлар бөлімінің басшысы Гүлнәр Асылханқызы, С.Майқанованың қызы Гүлдар Әбдірашова.
    Бағдарламаны жүргізген журналист Жазира Зәкірқызы
    Бағдарламаның авторы тарихшы, журналист Айдар ЖОРАНОВ

Комментарии • 1